Бокс
7 тамыз 13:23

Жәнібек Әлімханұлы келесі жекпе-жегін өткізу үшін АҚШ-қа барды

©Тұрар Қазанғапов

Орта салмақта IBF және WBO чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 KO) келесі жекпе-жегіне дайындықты бастау үшін АҚШ-қа барды, деп хабарлайды Vesti.kz.

Бірнеше күн бұрын 32 жастағы спортшы келесі айқасы өтетін уақытты жариялап, қараша айында Дүниежүзілік бокс кеңесінің (WBC) чемпионы доминикандық Карлос Адамеспен (24-1-1, 18 KO) титул біріктіретін жекпе-жек өткізуді қалайтынын мәлімдеген болатын.

Жәнібек Әлімханұлы келесі жекпе-жекке дайындықты бастады

Әлеуметтік желідегі парақшасында Әлімханұлы АҚШ-қа келгенін растады. Ал Карлос Адамес әзірге үнсіз қалып, өз парақшасында бұрынғы қарсыласы Сергей Деревянченкомен бірге түскен суретті жариялады.

"Өткенмен өмір сүруді қой! Егер менімен жекпе-жекке шықсаң, бұл суреттің орнына біздің айқасымыздың афишасы болар еді. Қорқақсың", – деп жазды Жәнібек.

Әлем чемпионы Жәнібекпен айқастан бас тартты ма?

Еске салайық, жазда Жәнібек пен Адамес арасындағы белбеулер біріктіретін жекпе-жеке қатысты келіссөздер финалдық кезеңге жеткен. Кездесуді ұйымдастырумен Сауд Арабиясының Ойын-сауық басқармасының басшысы Турки әл аш-Шейх тікелей айналысқан болатын. Алайда кейінірек, суперинвестордың айтуынша, Адамес тарапынан келіспеушілік болып, жекпе-жек өтпей қалды.

Жәнібек Әлімханұлының келесі жекпе-жегі қашан өтеді?

Әлімханұлының айтуынша, ол қараша айында АҚШ-та өтетін бокс кешінде міндетті түрде шаршы алаңға шығады - қарсыласы Адамес бола ма, әлде орта салмақтағы басқа үміткер ме, оны уақыт көрсетеді.

Айта кетейік, Жәнібек кейінгі рет 5 сәуір күні Астанада жұдырықтасқан. Ол кезде қазақстандық боксшы франциялық Анауэль Нгамиссенгемен (14-1, 9 KO) жұдырықтасқан еді. Ол кездесуде Әлімханұлы қарсыласын бесінші раундта нокаутқа түсірген болатын.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport