Бокс
14 тамыз 15:02

Жәнібек Әлімханұлы Канелоның салмағына өтетін уақыт айтылды

©Тұрар Қазанғапов

Орта салмақта IBF және WBO чемпионы Жәнібек Әлімханұлының (17-0, 12 KO) менеджері Эгис Климас өз қазақстандық боксшының алдағы жоспарлары туралы айтты, деп хабарлайды Vesti.kz.

Маман Жыланды ауылынан шыққан боксшының басқа да салмақ дәрежелерінде табысқа жете алатынына сенімді. Әсіресе, ол екінші орта салмақта, яғни Канело өнер көрсететін дивизионда жұдырықтасуға дайын екенін жеткізді.

Жәнібек Канелоның салмағына көтерілуге дайын, бірақ, бір гәп бар

"Жәнібек ірі денелі жігіт - ол екінші орта дивизионға оңай көтеріле алады және сол жерде де жұдырықтасуға толық дайын. Бірақ алдымен ол орта салмақта барлық белбеуді біріктіріп, әлемнің абсолют чемпионы болғысы келеді. Содан кейін ғана жоғары салмаққа өтуді жоспарлап отыр", — деді Климас The 3 Knockdown Rule подкастында.

Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы бұған дейін де жоғары дивизионда чемпиондыққа таласуға дайын екенін бірнеше рет мәлімдеген. Қазіргі уақытта екінші орта салмақта барлық белбеудің иесі - мексикалық супержұлдыз Сауль "Канело" Альварес (63-2-2, 39 KO).

Әлімханұлының келесі қарсыласы кім?

Жәнібектің орта салмақта абсолют чемпион атануы үшін WBC және WBA белбеулері жетіспейді. Ал ондағы WBC чемпионы - Карлос Адамес (Доминикан Республикасы, 24-1-1, 18 KO) және WBA белбеуінің иесі - 42 жастағы тәжірибелі кубалық Эрисланди Лара (31-3-3, 19 KO).


Жәнібек үш титул үшін айқастан қағылды

Алайда екі боксшы да Жәнібекпен жекпе-жектен қашып жүр. Әсіресе, Адамеспен кездесу өте жақын болған. Қос тарап белсенді келіссөздер жүргізіп, 22 қараша күні Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өтетін ауқымды бокс кешінде - "Чемпиондар түні" аясында рингке шығуы тиіс еді.

Бұл жекпе-жекті тікелей Сауд Арабиясы ойын-сауық басқармасының төрағасы Турки әл аш-Шейх өзі бақылаған. Алайда оның айтуынша, Доминиканалық боксшы келісімді соңғы сәтте бұзып, кездесуден бас тартқан.


Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport