Мексикалық боксшы Сауль Канело Альварес келесі жекпе-жегін екінші орта салмақтағы танымал бес боксшының бірімен өткізуі мүмкін. Олардың қатарында қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы да бар, деп хабарлайды Vesti.kz.
Бұған дейін Альварес францичлық Кристиан Мбиллиді төрешілер шешімімен жеңіп, екінші орта салмақтағы WBC чемпиондық белбеуін қайтарып алған еді. Осыдан кейін Fighter Channel басылымы мексикалық боксшының ықтимал қарсыластарының тізімін жариялады.
Тізімге бұған дейін WBO титулынан бас тартқан британдық Хамза Шираз енді. Сондай-ақ үміткерлер қатарында WBC-дің уақытша чемпион, аргентиналық Лестер Мартинес те бар. Ол бұған дейін Мбиллимен кездесіп, онымен тең түскен.
Тағы бір ықтимал қарсылас - қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы мен даниялық Якоб Банк арасындағы жекпе-жектің жеңімпазы. Боксшылар бос тұрған WBO титулы үшін таласады. Бұл айқаста жеңіске жеткен спортшының Альвареспен жұдырықтасуға мүмкіндігі туындауы ықтимал.
Бұдан бөлек, Канелоның ықтимал қарсыластарының қатарында IBF белбеуінің иегері, кубалық Ослеис Иглесиас та аталды. Онымен жекпе-жек мексикалық боксшыға чемпиондық белбеулерді біріктіру жолындағы күресін жалғастыруға мүмкіндік берер еді.
Тізімді америкалық Теренс Кроуфорд түйіндейді. Бұл нұсқа боксшылардың қарымта жекпе-жегін өткізуді көздейді. Алайда оның жүзеге асуы екіталай, себебі Кроуфорд бұған дейін кәсіпқой карьерасын аяқтағанын мәлімдеген.
Әлімханұлы соңғы рет 2025 жылдың сәуірінде шаршы алаңға шығып, Астанада бесінші раундта Ануэль Нгамиссенгені нокаутқа түсірген. 2025 жылдың соңында ол WBA чемпионы Эрисланди Ларамен кездесуі керек болған, алайда қазақстандық боксшының допинг сынамасы оң нәтиже көрсеткеннен кейін жекпе-жек өтпей қалды. Нәтижесінде IBF оны чемпиондық белбеуінен айырса, WBO бір жылға дисквалификациялап, титулын өзінде қалдырды.
Жазда Әлімханұлы екінші орта салмаққа ауысып, орта дивизиондағы WBO белбеуін босатты. Қыркүйектің басында қазақстандық боксшы WBO-ның суперорта дививзион рейтингінде бірінші орынға көтерілді.