Орта салмақта IBF және WBO чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 KO) допинг тесті тыйым салынған дәрмек қолданған деген нәтиже көрсеткеніне қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Vesti.kz.
Бұл жағдай WBA титулына ие кубалық Эрисланди Ларамен (31-3-3, 19 KO) үш белбеу сарапқа салынатын жекпе-жек алдында болып отыр.
"Мен әрқашан таза спортты қолдаймын. Мұны жақсы білесіздер. Мен таза спортты насихаттап жүргенімді де білесіздер. Жаңалықты оқып таң қалып отырмын. VADA бірінші рет анализ алып бәрі таза деп еді. Мен витаминдеріме де тамағыма да ешқандай өзгеріс енгізбедім. Екінші рет тестте неге мұндай болғанын түсінбей отынмын, біз қайта анализ тапсыруға өтініш айттық. Жауабын күтіп отырмыз!", - деп жазды ол әлеуметтік желіде.
Еске салайық, Ларамен мен Жәнібектің айқасы 6 желтоқсан Сан-Антониода (АҚШ) (Қазақстан уақытымен 7 желтоқсан) өтеді деп жоспарланған еді.