Орта салмақта өнер көрсететін Жәнібек Әлімханұлы (11-0, 7 КО) болашақта чемпион атануы мүмкін деген үздік 20 боксшының қатарына қосылды, деп жазады vRINGe.com порталы.
Танымал бокс порталы Әлімханұлын 16-орынға қойыпты.
"Әлімханұлы туралы біздің ойымызды жақсы білесіздер. Оған еш ойланбастан "жыл жаңалығы" деген атақты бердік. Бұл боксшыға көп сенім артамыз. Оның үстіне Жәнібектің промоутері де өте мықты", - делінген мақалада.
Айта кетейік, отандасымыз америкалық Деметриус Андрадемен (31-0, 19 КО) кездесуі керек еді. Бірақ америкалық қазақстандықпен кездеспеу амалын жасап, жекпе-жекке келісім бермей жатыр. Содан кейін көптеген инсайдерлер Әлімханұлының келесі қарсыласы бразилиялық Эскива Фалькао (29-0, 20 КО) болатынын мәлімдеді.