Бокс
Бүгін 09:48

Жәнібек Әлімханұлы Америкадағы жекпе-жектер үшін қанша алғаны айтылды

©Тұрар Қазанғапов

Орта салмақта IBF және WBO чемпионы Жәнібек Әлімханұлының қаржылық көрсеткіштері белгілі болды, деп хабарлайды Vesti.kz.

Чемпионның табысы

SurpriseSports дерегіне сүйенсек, 32 жастағы Жыланды тумасы кәсіпқой карьерасы барысында шамамен 1,5 миллион АҚШ долларын (771 миллион теңгедей) табыс көрген. Бұл көрсеткіш орта салмақтағы өзге белсенді чемпиондардың кірісімен шамалас.

Мәселен, WBC белбеуіне ие доминикандық Карлос Адамес карьерасында осыған жуық кіріс көрген. Ал британиялық Хамза Шираздың табысы 1,2 миллион доллар шамасында. Ал WBA титулы бар кубалық Эрисланди Лара дивизиондағы ең ауқатты боксшы саналады - оның жалпы табысы 2 миллион доллардай болады.

Жеңіліссіз статистика

Кәсіпқой рингте Жәнібек Әлімханұлы 17 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Оның он бірін нокаутпен аяқтап, орта салмақтағы ең қауіпті панчерлердің бірі екенін дәлелдеді.

Титул біріктіретін жекпе-жек өтпей қалды

7 желтоқсанда Жәнібек WBO, IBF және WBA белбеулері үшін Эрисланди Ларамен айқас өткізу тиіс болған. Алайда қазақстандық боксшының допинг сынамасынан тыйым салынған зат - мельдоний анықталып, жекпе-жек өтпей қалды.

Нәтижесінде Лара рингке венесуэлалық Йохан Гонсалеспен шығып, төрешілер шешімімен жеңіске жетті. Дереккөз мәліметінше, өтпей қалған бұл айқас үшін Әлімханұлы WBO және IBF чемпионы ретінде 350–500 мың доллар көлемінде гонорар табуы мүмкін еді.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport