Жәнібек Әлімханұлы 18 нокауты бар бұрынғы әлем чемпионымен жекпе-жекке шығады

Сурет instagram желісінен

Орта салмақтағы қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы (9-0, 5 КО) WBA ұйымының бұрынғы чемпионы америкалық Роб Брантпен (26-2, 18 КО) жұдырықтасуы мүмкін. Бұл туралы Vesti.kz тілшісіне мәлімет көзі хабарлады.

Ақпарат бойынша, жекпе-жек маусым айында Лас-Вегаста өтуі ықтимал. 

Брант 2018 жылы WBA (Regular) титулы үшін айқаста Риота Муратаны (14-2, 10 КО) жеңген болатын, алайда, бір жылдан кейін өткен қарымтада жапиониялық боксшы Робты нокаутқа түсірді. Америкалық боксшы кейінгі рет рингке былтыр тамызда шығып, украиналық Виталий Копиленконы (28-3, 16 КО) жеңген. Бранттың ісін де Top Rank промоутерлік компаниясы жүргізетінін айта кетейік.

Ал Жәнібек рингке Virgin Hotels шаршы алаңында өтетін бокс кешінде шығады деп жоспарланған. Қазіргі таңда WBO Global және WBC Continental Americas титулдарына ие қазақстандық АҚШ-та жаттығып жатыр. Ол 27 ақпан Алматыда жұдырықтасу керек болатын, бірақ, жарақатына байланысты бұл кездесу өтпеді.