БАӘ өткен жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында 63,5 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Елнұр Сүйінбай алтыннан алқа тағынып, жарыстың үздік боксшысы атағын қатар алды. Жамбыл облысының тумасы үшін биыл сәтті жыл болды деуге негіз бар. Себебі ол жыл басында жастар арасындағы әлем чемпионатында күміспен күптелген еді. Елге оралысымен Vesti.kz сайтына қуанышымен бөліскен былғары қолғап шебері жеңісін өткен аптада Жамбыл облысындағы жарылыстан қаза тапқандардың құрметіне арнайтынын айтты.
"Біз бұл жарысқа қазақ елін қуантып, көк туымызды желбірету үшін бардық. Аллаға шүкір, барымызды салдық. Бізге қолдау көрсеткен барша жанкүйерлерге алғыс айтқым келеді. Осындай жетістікке жеткенім – әуелі Алла, одан кейін жаттықтырушыларымның арқасы. Барлығына рақмет айтамын. Шынымды айтсам, турнирдің үздік боксшысы атағын аламын деп ойламадым. Осы жеңісімді Жамбыл облысында жарылыстан қаза тапқан батыр ағаларыма арнаймын", - дейді боксшы.
Еске салайық, Елнұр Сүйінбай финалда үндістандық Ваншайды айқын басымдықпен ұтты. Төрешілердің барлығы жеңісті Сүйінбайға берді. Есеп 5:0.