Баходир Жалоловтың ізбасары атанып жүрген суперауыр салмақтағы өзбекстандық боксшы Жахонгир Зокиров 2026 жылғы Жазғы Азия ойындары қарсаңында Қазақстан құрамасының капитаны Айбек Оралбайды басты қарсыластарының бірі деп атады, деп хабарлайды Vesti.kz.
Зокиров басты қарсыластарын атады
Өзбекстан бокс федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында спортшы Азия ойындарына қатысуды жоспарлап отырғанын және кәсіпқой бокстан кейін әуесқой боксқа қайта бейімделуге толық үлгеретініне сенімді екенін айтты.
- Алда Азия ойындары күтіп тұр. Егер қатысу мүмкіндігі туса, әуесқой боксқа тез бейімделе аласыз ба?
- Әрине, әуесқой және кәсіпқой бокс бір-бірінен айтарлықтай ерекшеленеді. Бейімделу барысында белгілі бір қиындықтар болуы мүмкін. Бірақ сол уақытқа дейін толық дайын болып үлгеремін деп сенемін.
Сондай-ақ өзбекстандық боксшы ықтимал қарсыластарын жіті бақылап жүргенін жеткізді.
- Әуесқой бокстағы ықтимал қарсыластарыңызды бақылап жүрсіз бе?
- Әлбетте. Негізгі қарсыластарым деп Айбек Оралбайды, Давид Чалоянды, Дамар Томасты және бразилиялық Жоэль Рамосты санаймын. Олардың өнерін үнемі бақылап отырамын.
Оралбаймен текетірес
Әуесқой рингте Жахонгир Зокиров пен Айбек Оралбай үш мәрте кездескен. Әзірге бұл текетіресте Қазақстан құрамасының капитаны 2:1 есебімен алда келеді.
Алғашқы кездесу 2024 жылдың желтоқсанында өткен Азия чемпионатының финалында өтіп, онда Оралбай жеңіске жетті. Бірнеше айдан кейін Зокиров 2025 жылғы Әлем кубогында қарымта қайтарды.
Ал шешуші үшінші жекпе-жек 2025 жылдың қыркүйегінде Англияның Ливерпуль қаласындағы әлем чемпионатының финалында өтті. Бұл жолы Айбек Оралбай төрешілердің бөлек шешімімен жеңіске жетіп, қарсыластықтағы басымдықты өз пайдасына бекітті.
Келесі кездесу Азия ойындарында өтуі мүмкін
Суперауыр салмақтағы екі боксшының келесі жекпе-жегі 2026 жылғы Жазғы Азия ойындарында өтуі ықтимал. Құрлық додасы 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Айти және Нагоя қалаларында ұйымдастырылады.
Бокс жарысы Азия ойындарының ең тартысты бағдарламаларының бірі саналады. Ал Айбек Оралбай мен Жахонгир Зокиров арасындағы ықтимал жаңа кездесу суперауыр салмақтағы басты оқиғалардың біріне айналуы мүмкін.
Жарнама