Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы орта салмақтағы Халықаралық бокс федерациясы (IBF) чемпиондық титулынан айырылуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Бұған дейін Халықаралық бокс федерациясы ресми мәлімдеме жариялап, қазақстандық боксшыны чемпиондық белбеуден айыру себебін түсіндірген болатын. Жәнібек Әлімханұлы бұл титулды 2023 жылдың қазан айында жеңіп алған еді. Сол жекпе-жекте ол Германия боксшысы Винченцо Гуальтьерин нокаутпен жеңген.
Жәнібектің мәлімдемесі"Сыналдық, бірақ сынбадық! Керісінше, шыңдалдық! Шешімдер шықты, IBF кетті, WBO қалды.
Қалай болғанда да қазір мен WBO нұсқасы бойынша орта салмақта әлем чемпионымын! 1 титул сақталды! Аллаға шүкір! Бұйыртса 8 айдан соң рингке шығамын! Үлкен жорық жалғасады. Құдай жаратқан төбені кетпен шауып біте алмайды! Құдай жаққан отты адам үрлеп өшіре алмайды! Біз әлі аяқтамадық, меніңше бәрі енді басталатын сияқты!
Кәсіпқой бокс біреулер үшін спорт болса, кейбіреулер үшін тек бизнес! Біз спорт жағындамыз! Біз қазақылық бағытындамыз!
Қазанаттың жолында жазық та бар ор да бар, азаматтың жолында бақыт та бар сор да бар! Бұл өмір заңы! Әр қиындықтан соң қуаныш барын ұмытпаймыз!
Мен допингке қарсымын! Мұны бұрын да айтқанмын, қазір де айтамын! Өткен нәрсе өтті, біткен нәрсе бітті! Талқылай бергеннен, уайымдай бергеннен тағдыр өзгермейді. Ең бастысы ел менің кім екенімді, қандай боксшы екенімді жақсы біледі!
Ардақты ағайын, біз әлі ӘЛЕМ чемпионымыз! Алдымызда талай додалар күтіп тұр! Жеңісті күнде жүздесейік! Қолдауларыңызға рақмет", - деп жазды Жәнібек әлеуметтік желіде.
Еске салайық, 2025 жылдың желтоқсанында Жәнібек Әлімханұлы тапсырған допинг сынамасынан тыйым салынған мельдоний препараты анықталған.
Кейінірек ашылған екінші сынама да дәл осы тыйым салынған заттың бар екенін растады. Осыдан кейін боксшыға қатысты ресми тергеу басталды.
Бұл іске қатысты шешімді Бұкіләлемдік бокс ұйымы (WBO) да шығарды. Аталған ұйым қазақстандық боксшыны бір жылға дисквалификациялағанымен, оны орта салмақтағы әлем чемпионы титулынан айырған жоқ.