Халықаралық бокс федерациясы (IBF) қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлын өз рейтингінен алып тастады, деп хабарлайды Vesti.kz.
Бұл шешім наурыз айында IBF Әлімханұлынан орта салмақтағы әлем чемпионы титулын алып қойып, оны 2026 жылдың желтоқсанына дейін дисквалификациялағаннан кейін қабылданды.
Жаңартылған рейтингте IBF тұжырымы бойынша орта салмақтағы чемпиондық титул бос деп көрсетілген. Сонымен қатар, рейтингтің бірінші орны да вакантты. Екінші орында италиялық Этиноса Олиха болса, үшінші сатыда ирландиялық Аарон Маккенна орналасқан.
Еске салайық, желтоқсан айында Әлімханұлы допинг-тесттен өте алмады — оның сынамасынан тыйым салынған мельдоний заты анықталды. Соның салдарынан оның WBA чемпионы, кубалық Эрисланди Лараға қарсы жекпе-жегі өтпей қалды. Кейін екінші сынама да тыйым салынған препараттың бар екенін растады, содан соң ресми тергеу басталған болатын.
Сонымен қатар, өз шешімін Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) да шығарды: ұйым қазақстандық боксшыны бір жылға дисквалификациялады, алайда, оның орта салмақтағы әлем чемпионы титулын сақтап қалды.