Халықаралық бокс федерациясы (IBF) барлық салмақтағы рейтингін жаңартты. Бұл тізімде Қазақстан боксшылары бұрынғыдай жоғары орындарда тұр, деп хабарлайды Vesti.kz.
Әлімханұлы чемпион мәртебесін сақтап қалдыОрта салмақта Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 KO) IBF ұйымының қазіргі чемпионы ретінде тіркеліп тұр. Дегенмен оның жағдайы әлі де бокс қауымдастығының назарында. Еске салайық, 7 желтоқсанда Жәнібек WBA чемпионы Эрисланди Ларамен (32-3-3, 19 KO) титул біріктіретін жекпе-жек өткізуі тиіс болған, алайда, қазақстандық боксшының допинг сынамасынан тыйым салынған препарат анықталып, кездесу өтпей қалды.
8 қаңтарда B сынамасы ашылды, ал талдаудың соңғы қорытындысы осы айдың соңында белгілі болу керек. 32 жастағы Әлімханұлы соңғы жекпе-жегін сәуір айында Астанада өткізіп, франциялық Ануэль Нгамиссенгені (14-1, 9 KO) бесінші раундта нокаутпен жеңіп, өз титулдарын қорғаған болатын.
Зауырбек - рейтинг көшбасшыларының қатарындаЕкінші жартылай жеңіл салмақта өнер көрсететін Сұлтан Зауырбек (20-0, 13 KO) IBF рейтингінде үшінші орынды сақтап қалды. Бұл дивизионда алғашқы екі орын әзірге бос, ал чемпиондық белбеу мексикалық Эдуардо Нуньеске (29-1, 27 KO) тиесілі.
Сұлтан соңғы жекпе-жегін 5 сәуірде Астанада өткізді. 12 раундқа созылған айқаста ол Оңтүстік Африка Республикасының боксшысы Азинга Фузилені (18-3, 12 KO) төрешілер шешімімен жеңіп, екінші жартылай жеңіл салмақта IBF Inter-Continental титулын иеленді.