Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) 2025 жылғы ерлер арасында элита санатындағы әлем чемпионатын өткізетінін ресми жариялады, деп хабарлайды Vesti.kz.
Турнир 2–13 желтоқсан аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында өтеді.
Жарыстың жүлде қоры рекордтық 8 миллион долларды құрайды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, әр салмақ дәрежесінің чемпионына 300 мың доллар табысталады. Бұл бұрын-соңды мұндай деңгейдегі турнирлер үшін болмаған көрсеткіш.
"Бұл әлем чемпионаты тек рекордтар мен қаржы туралы емес. Бұл әр боксшыға, жаттықтырушыға және ұлттық федерацияға лайықты құрмет пен сыйақы беру жайында", - деп атап өтті IBA президенті Умар Кремлёв.
Алдағы турнирдің афишасы да ерекше назар аудартты: онда Парижде өткен 2024 жылғы Олимпиаданың жүлдегері, Қазақстан құрамасының көшбасшыларының бірі Нұрбек Оралбай бейнеленген. Бұл алдағы чемпионатта қазақстандық боксшылардың маңыздылығын көрсетеді.
Еске салайық, қыркүйек айында Қазақстан ұлттық құрамасы Англияның Ливерпуль қаласында өткен World Boxing әлем чемпионатына қатысып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді.