Бокс
6 ақпан 2020 08:32

"HBO-да Қазақстанды білмейтін, ал Головкин ешкімнен тайсалған жоқ". Промоутер GGG АҚШ-та қалай танылғаны жайлы

Сурет: championat.com
Америкалық промоутер Том Леффлер орта салмақта IBF және IBO чемпионы Геннадий Головкин (40-1-1, 35 КО) қалай танымал бола бастағанын есіне алды. 

"Оған америкалық телевидениемен келісімшарт тауып беру қиын болды. Геннадий ешкімнен тайсалмады, оның менеджері мен бапкері де. Осылайша, ол польшалық Еуропа чемпионы Проксаға қарсы жекпе-жекке шықты. Геннадий HBO-да нағыз шоу жасады - бесінші раундта техникалық нокаутпен жеңді. 

Оның жетістікке жетудегі сыры - алға үлкен қадам жасаған сайын, тамаша шоу көрсететін. Madison Square Garden немесе HBO-дағы бірінші жекпе-жек болсын, әркезде қысым болатынын білді. Ол жақсы көрініс ұйымдастыратын, сондықтан HBO-ға жазылушылар оны көргісі келетін", - дейді Леффлер UTHW Unedited арнасына берген сұхбатында. 

"Ал жанкүйер, тіпті HBO арнасындағылардың көбі Қазақстанның қайда екенін де білмейтін. Бұл бізге бір сынақ болды, одан өте алдық", - деп айта кетті промоутер.