Англияның Ливерпуль қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық боксшы Гүлсая Ержан алғашқы жекпе-жегінде жеңіске жетті, деп хабарлайды Vesti.kz.
80 келі салмақтағы 1/8 финал кезеңінде ол литвалық Ивета Лесинскитемен жұдырықтасты.
Бірінші раундта төрешілердің бөлек шешімімен литвалық боксшы басым түсті – 3:2. Алайда екінші үш минуттықта Гүлсая қарсыласынан мықты екенін дәлелдеп, раундты 3:2 есебімен өз пайдасына аяқтады.
Шешуші раундта қазақстандық спортшы толық басымдық танытып, төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіске жетті.
10 қыркүйек күні Гүлсая Ержан ширек финалда аустралиялық боксшы Есета Флинтпен кездеседі.
Айта кетейік, бұл World Boxing ұйымының аясында алғаш рет өтіп жатқан әлем чемпионаты. Турнир 14 қыркүйекке дейін жалғасады.