"Головкиннің тағдырын қайталамайды деп сенемін". Маман Сондерс-"Канело" жекпе-жегіне болжам жасады

Сауль Альварес. Фото: DAZN

Екінші орта салмақта WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы британдық Билли Джо Сондерс (30-0, 14 КО) осы салмақтағы WBC және WBA титулдарының иегері мексикалық Сауль "Канело" Альвареске (55-1-2, 37 КО) қарсы жекпе-жекте қазақстандық Геннадий Головкиннің (43-1-1, 36 КО) тағдырын қайталауы мүмкін. Бұл туралы Vesti.kz тілішісімен болған әңгіме барысында кәсіби бокс әлемінің сарапшысы, британдық Ли Кормли айтып берді.  

Сондерс пен "Канело" арасындағы кездесу АҚШ-тың Техас штатында 8 мамырда өтеді деп жоспарланған. 

"Төрешілердің әділдігі - бұл Сондерс пен "Канело" арасындағы жекпе-жекте алаңдататын жалғыз мәселе. Альварес әлемдегі үздік боксшылардың бірі екеніне күмән жоқ. Алайда Билли Джо да осалдар қатарынан емес. Қазіргі уақытта Головкиннен кейін мексикалықты тоқтата алатын спортшы - Сондерс. Кездесудің өте қызықты әрі бәсекеге толы болатынына сенімдімін. Менің ойымша, жекпе-жек соңына дейін созылады және шешімді төрешілер шығаратын болады. Соңғы шешім Головкин мен "Канело" арасындағы кездесулердегідей емес, әділ болады деп сенемін. 

Өткен жолы GGG екі кездесуде де басым болды. Мұндай әділетсіз сәттер онсыз да үздік саналатын Альварестің мансабына оң әсер етеді деп ойламаймын", - дейді Кормли.