Орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық боксшы Виктор Темиров (10-0, 7 KO) келесі жекпе-жегін өткізеді, деп хабарлайды Vesti.kz.
BoxRec.com мәліметіне сәйкес, Темиров 1 мамыр күні Германияның Гамбург қаласында рингке қайта оралады. Оның қарсыласы венесуэлалық Карлос Риверо (32-12-1, 21 KO) болмақ. Жекпе-жек орта салмақ дәрежесінде өтіп, алты раундқа жоспарланған.
Айта кетейік, Риверо қазақстандық жанкүйерлерге жақсы таныс. 2024 жылы Алматыда ол қазақстандық Әли Ахмедовпен (25-2, 17 KO) кездесіп, екінші раундта техникалық нокаутпен жеңілген болатын.
Карлос соңғы жекпе-жегін 28 наурыз күні Сербияның Бор қаласында өткізіп, жергілікті боксшы Мильян Джорджевичке (22-2, 12 KO) мерзімінен бұрын есе жіберді.
Ал Темиров соңғы рет ақпан айында рингке шығып, германиялық Доменик Арнольдты (5-1, 2 KO) нокаутпен жеңіп, орта салмақта WBF чемпионы атағын жеңіп алған еді.
Айта кетерлігі, Виктор Темиров кәсіби рингте "Қасапшы" деген лақап атпен танымал. Сонымен қатар, неміс жанкүйерлері оны атақты жерлесі Геннадий Головкинмен жиі салыстырады.