Бокс
17 қараша 2020 14:49

"Головкиннен жақсы". Бокс аңызы "Канелоға" шынымен қауіпті боксшыны атады

Сурет: Matchroom Boxing

Аты аңызға айналған боксшы үлкен Хулио Сезар Чавес отандасы Сауль "Канело" Альварес және екінші орта салмақта WBA (Super) чемпионы британиялық Каллум Смит арасындағы жекпе-жекке қатысты пікір білдірді. Мексикалықтың сөзін ESPN Deportes беріп отыр.

Мұның алдында британиялықтың промоутері Эдди Хирн желтоқсандағы жекпе-жек бойынша "Канелоның" командасымен келіссөз жүргізіп жатқанын хабарлаған. 

"Смит - бойшаң боксшы, бірақ, кейінгі жекпе-жегінде онша жұдырықтаспады. Сол кезде ол "Канелоның" көзіне түсті. Дегенмен, Каллумнен сақтану қажет. Өз дивизионы үшін ол өте бойшаң және "Канелоға" онымен бетпе-бет келу керек. Смит - тамаша қарсылас. Рингте сәтсіз күн әркімде де болады. "Канело" жеңеді деп ойлаймын, алайда, рингте бәрі болуы мүмкін", - дейді Чавес. 

Оның сөзінше, Смит пен америкалық Джермалл Чарло (орта дивизионда WBC чемпионы) "Канело" үшін қазақстандық Геннадий Головкиннен қауіпті.

"Логикалық тұрғыда, Смитпен жекпе-жек "Канело" үшін Головкинмен трилогиядан қызығырақ. Ал Чарло қазір бабында және қыркүйектегі Сергей Деревянченкомен айқаста өте мықты боксшы екенін көрсетті. Джон Райдермен жекпе-жек Смит үшін сәтсіздеу кеш болды, бірақ, ол "Канеломен" кездескенде мүлде басқаша болады", - дейді бокс аңызы.