Бокс
2 шілде 2019 09:39

Головкинмен трилогия қарсаңында "Канелоның" ескі жарасы сыр берді

"Канело" Альварес. © boxingscene.com
Екі салмақ дәрежесі бойынша әлем чемпионы Сауль Альварес (52-1-2, 35 КО) ескі жарақатының салдарынан рингке қыркүйекте оралмауы мүмкін. Бұл туралы промоутер Боб Арумға сілтеме жасаған америкалық инсайдер Майк Коппинджер мәлім етті, - деп хабарлайды Vesti.kz.


"Канело" өзінің келесі жекпе-жегін 14 қыркүйекте өткізеді деп жоспарланған. Мексикалық боксшы қыркүйекте басты қарсыласы қазақстандық Геннадий Головкинмен (39-1-1, 35 КО) үшінші рет кездесуден бас тартып, жартылай ауыр салмақта ресейлік Сергей Ковалевпен (33-3-1, 28 КО) жұдырықтасуды жөн көрген.

Алайда Альварестің жоспарларына жарақаты кедергі келтіруі мүмкін. Арумның сөзінше, мексикалық боксшының тізесі жарақаттанған. Ол бұл жарақатымен бірнеше жыл бұрын да күрескен еді.

Осыған байланысты "Канело" рингке қыркүйекте емес, жылдың соңында оралуы ықтимал.

Айта кетейік, "Канело" тізесіне 2018 жылы сәуірде ота жасатқан болатын. Сол уақытта ол допинг-сынағы оң нәтиже көрсеткен соң, бокстан уақытша шеттетілген еді.

Альварес пен Головкин бұған дейін екі рет кездескен: 2017 жылы қыркүйекте Лас-Вегаста боксшылар тең түссе, тура бір жылдан соң сол қалада мексикалық боксшы төрешілер шешімімен жеңген.