Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Геннадий Головкиннің есімі Бокс даңқының халықаралық залына ресми түрде жазылуымен құттықтады.
Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл тарихи оқиға аты аңызға айналған отандасымыздың жаһандық спорттағы қолтаңбасы айрықша маңызға ие екенін айғақтайды. Сондай-ақ Қазақстанның әлемдік аренадағы шынайы келбеті мен беделін қалыптастыруға қосқан елеулі үлесін көрсетеді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Геннадий Головкин – еліміздің мақтанышы әрі халықаралық спорт қоғамдастығындағы елшісі.
ҚР Президенті дүние жүзіндегі ең үздік боксшылардың бірінен үлгі алған жас спортшыларымыз жігерленіп, биік белестерді бағындыра беретініне сенім білдірді.
Айта кетейік, салтанатты рәсім өткен демалыс күндері АҚШ-тың Нью-Йорк штатындағы Канастота қаласында өтті. Геннадий Головкин Бокс даңқының халықаралық залына енген Қазақстан тарихындағы алғашқы өкіл атанды. Қазіргі таңда әйгілі боксшы Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетін, сондай-ақ World Boxing халықаралық федерациясын басқарады.