Бірінші жартылай жеңіл салмақтағы қазақстандық боксшы Евгений Павлов (10-0, 8 KO) CES Boxing промоутерлік компаниясымен эксклюзив келісімшартқа қол қойды, деп хабарлайды Vesti.kz.
25 жастағы Петропавл тумасы 19 шілдеде АҚШ-тың Коннектикут штатындағы Анкасвилл қаласында өтетін CES бокс турниріндегі дебютін жасайды.
Қызылжарлық боксшының жаңа серіктестері оны тіпті Қазақстанның ұлы чемпиондарымен салыстырып, Павлов та әлемдік аренада үлкен жетістікке жетеді деп сенеді.
"Қазақстан осы спорт түрінен әлемде тәртібі ең қатаң және керемет таланттарды сыйлады, олардың қатарында Геннадий Головкин, Жәнібек Әлімханұлы және Сергей Липинец сынды чемпиондар бар.
Евгений – осы мақтауға тұрарлық бокс мектебінің өкілі. Ол жас, жанып тұр және әлі жеңілмеген. Біз оның әлем чемпионы болуға барлық мүмкіндігі бар деп есептейміз. Жуырда әлем оның есімін жаттап алады", — деді CES Boxing президенті Джимми Берчфилд.
Евгений Павлов кім?Павлов боксқа жеті жасында келген және бокс пен кикбоксингте Еуропадағы ең мықты әуесқой болды. Ол 2020 жылы Беларусьте кәсіби дебют жасады, ал АҚШ-та – 2022 жылы. Оның соңғы жекпе-жегі екі жылдан астам уақыт бұрын Мексиканың Гвадалахара қаласында өтті, онда ол Кевин Родригес Гарсияны (3-13) небәрі 81 секундта құлатты.
"Мен CES Boxing компаниясымен эксклюзив промоутерлік келісімшартқа қол қойғаныма қуаныштымын. Олардың тамаша ареналарға қол жеткізуі және спортшылардың белсенділігін сақтауға деген ұмтылысы мені ерекше қызықтырды.
Олардың менің отандасым, жеңіл салмақтағы болашағы зор боксшы Николай Швабпен жүргізіп жатқан жұмысын көріп, мен бұл промоутердің менің карьерамды жаңа деңгейге шығаратынына сенімді болдым", — деді Павловтың сөзін BoxingScene келтіреді.
Қазіргі уақытта Павлов АҚШ-та тұрақтап, Филадельфияда орналасқан 365 Fitness Loft & Boxing Club залында Уэйд Хиннанттың қол астында жаттығады.