Төрт салмақта бұрынғы әлем чемпионы Майки Гарсиа (40-1, 30 КО) мексикалық Сауль "Канело" Альварес (55-1-2, 37 КО) және қазақстандық Геннадий Головкин (42-1-1, 36 КО) арасындағы үшінші жекпе-жекке болжамын айтты,- деп хабарлайды Vesti.kz.
"Екінші жекпе-жекте Альварестің шынымен өзгеріп, біраз жақсарғанын көрдім. Қорғаныста жақсы жұмыс істеді, көбірек шабуылдады, сенімдірек және күштірек көрінді. Ал бірінші айқастан кейін сұрақтар қалған болатын. Альвареске бірдеңе жетпей тұрғандай көрінетін. Бірінші жекпе-жектегі тәжірибе жаңа деңгейге шығуға көмектессе керек.
Егер үшінші айқас өтсе? Онда "Канело" нокаутпен жеңеді деп ойлаймын. Өйткені ол күн өткен сайын мықты болып келеді. Ал Головкин керісінше. "Канело" қазір бабында. Ол жас, көп соққы өткізбеген.
Жасының үлкендігі рөл ойнағанымен, ең маңыздысы ол емес. Жаттығу лагері көбірек күш алады, ал Головкин бұрын жылына төрт айқастан өткізетін. Кездесулердің өзінде ол көбіне нокаутпен жеңіп, көп зиян алмайтын. Ал жаттығу лагерінде барын салады. Міне, осы әсерін береді. Осы себепті оның күші сарқылып, қуаты қайтып барады. Дегенмен де, күні бітті деу әлі ерте. Ол семіп барады, бірақ, баяу", - дейді Гарсия Fighthype басылымына берген сұхбатында.