Головкин қазақ нокаутшының Америкадағы жекпе-жегіне баға берді

Сурет: mejoresdeportes.com

Бірінші жартылай орта салмақтағы қазақстандық боксшы Батыр Жүкембаев (18-1, 14 KO) аты шыққан отандасы, орта дивизионда IBF және IBO чемпионы Геннадий Головкинмен (41-1-1, 36 КО) кездесті, деп хабарлайды Vesti.kz.

"Әлемнің қай түкпірінде жүрсек те GGG-ды мақтан тұтамыз. Қазақ кәсіпқой бокшыларына чемпиондық шыңға жол салған Гена ағамызбен жақсы жүздесу өткіздік. Соңғы жекпе-жегіме бағасын беріп, ақылын айтты. Үлкен рақмет! Аллах бұйыртса, бұл үлкен жолдың тек басы. GGG өз ісінде ең мықты", - деп жазыпты Батыр Instagram желісінде Головкинмен бірге түскен суретін жариялап.

Еске салайық, кейінгі рет Жүкембаев 30 мамыр Лос-Анджелесте пуэрториколық Сабриэль Матиаспен (17-1-0, 17 KO) жұдырықтасты. Төртінші раундта Батыр нокдаунға түсті, ал сегізінші раундтан кейін қазақстандық боксшының командасы жекпе-жекті тоқтату туралы шешім қабылдады. Бұл оның карьерасындағы алғашқы жеңіліс болды және АҚШ-тағы бірінші айқасы еді.