Екінші орта салмақтағы қазақстандық боксшы Али Ахмедов (16-0, 12 КО) жаңа деңгейге көтерілуге мүмкіндік алды. Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында WorldBoxingNews редакторы Фил Джей осындай пікір білдірді.
Мұның алдында Халықаралық бокс ұйымы (IBO) 25 жастағы қазақстандық пен 31 жастағы эквадорлық Карлос Гонгора (18-0, 13 КО) жекпе-жегінде чемпиондық белбеу сарапқа салынатынын хабарлаған. Еске салайық, Ахмедовтың ісін GGG Promotions жүргізеді.
"Ахмедов ұзақ үзілістен кейін рингке оралысымен чемпиондық жекпе-жекке шығады. Мұнан артық ештеңе жоқ шығар. Бұл тамаша мүкіндік Головкин арқасында туды деп ойлаймын, ол IBO ұйымының сүйікті чемпионы ғой.
Дегенмен Ахмедовке әлі бұл белбеуді жеңіп алу қажет. Оның қарсыласы жеңіліп көрмеген, ал жекпе-жектерінің көбін нокаутпен жеңген. Бұл жағдай жекпе-жекті тартымды ете түседі. Бірінші чемпиондық белбеу карьераның жаңа деңгейге көтеруде маңызды фактор екені белгілі", - дейді Джей.