Бокс
29 наурыз 2021 18:20

Германияда Тайсон Фьюридің промоутері WBA белбеуі бар қазақстандыққа неліктен қызығып отырғаны туралы айтылды

Жан Кособуцкий. Фото: universum tv©️

Қазақстандық аса ауыр салмақта өнер көрсететін Жан Кособуцкийдің (15-0, 14 КО) мансабында ауыз толтырып айтарлықтай өзгерістер болып жатыр. leifpm.co спорт порталының шолушысы Лейф Хансман Vesti.kz тілшісіне берген сұқбатында британдық промоутер Фрэнк Уореннің компаниясымен жасалатын келісім боксшының мансабына үлкен серпіліс беретінін айтты. Оның ойынша қазақстандықтың жақын арада үлкен жекпе-жектер өткізуге мүмкіндігі бар. 

"Бұл керемет оқиға. Жан Кособуцкий соңғы бір-екі жылда үлкен жетістіктерге жетті. Ол енді жаңа деңгейге өтуге әбден лайық. Оның мерзімінен бұрын аяқталған жекпе-жектерге толып тұрған ғажап статистикасы өзіне назар аудартпай қоймайды. Ауыр салмақтағы нокаутер - бәріне ұнайтыны анық. Меніңше, енді біз Кособуцкий қарсыластарының сапалы өсімін көретін боламыз. Ол жақын арада рейтингтегі өз позициясын жақсартып, жоғары дәрежелі кездесулер өткізеді. Қазақстандық бұл дивизионда өзінің орнын ойып тұрып алып, атақ-даңқтан да үлесті болады. Барлығы өзіне байланысты", - дейді Хансман өз сөзінде.  

Кособуцкий Universum Box-Promotions-пен бірге оның мансабын алға жылжытуға жұмыс істейтін Queensberry компаниясымен келісімшартқа қол қойғанын айтып өткеніміз жөн. Ұйымның басшысы Тайсон Фьюри мен Билли Джо Сондерстің шаруасын дөңгелетіп отырған - Фрэнк Уоррен. 

Естеріңізе сала кетейік, Кособуцкий соңғы жекпе-жегінде нигериялық Онориоде Евариемені (18-2, 17 КО) төртінші раундта нокаутпен жеңіп, WBA International белбеуін иемденген еді. Бұл титул 32 жастағы қазақстандық боксшының мансабындағы екіншісі. 2019 жылдың қараша айында ол тағы бір кездесуін мерзімінен бұрын аяқтап, IBO Inter-Continental белбеуін жеңіп алған болатын.