Бокс
4 мамыр 2020 10:30

"Геннадийге түсіндіруге тырыстым". Абель Санчес Головкин "Канелодан" неге жеңілгенін айтты

Сурет: HBO Boxing
Қазақстандық Геннадий Головкиннің (40-1-1, 35 КО) бұрынғы бапкері Абель Санчес мексикалық Сауль "Канело" Альвареспен (53-1-2, 36 КО) екінші жекпе-жектегі шешуші сәтті атады, - деп хабарлайды Boxingnews24.com.


Санчестің ойынша, қарымта кездесуде шешуші сәт жеңімпазды анықтаған 12-ші раунд болған екен.

"Сын айту қиын, өйткені төрешілерді таңдағанда жақсы мамандарға таңдауымыз түсті деп ойладық. Бірақ бәріміздің жекпе-жекке көзқарасымыз әртүрлі - трибунадан, рингсайд және теледидардан. Екінші жекпе-жек тамаша болған және тең аяқталуы мүмкін еді деген ойдамын. Меніңше, соңғы раунд шешуші болды. Екі жігіттің арасын бірінші жекпе-жектегі бір және екіншісіндегі бір раунд бөліп тұр. Олар құрметке лайық. Соңғы раундта бірдеңе біз ойлағандай болмай қалды дей алмаймын. Геннадий басым келе жатқанына сенімді болды. Оған соңғы раундты өзімізге жазуымыз керегін түсіндіруге тырыстым. Бір төреші тең деді, ал қалған екеуі ондай есеп көрсетпеді. "Канелоға" бір ұпай артық жинап, жеңімпаз атануға мүмкіндік берген соңғы раунд болды", - дейді Санчес.