Қазақстанның аңыз боксшысы Геннадий Головкиннің (42-2-1, 37 KO) есімі ресми түрде Бокс даңқының халықаралық залына (IBHOF) жазылды, деп хабаралйды Vesti.kz.
Салтанатты рәсім АҚШ-тың Канастота қаласында өтті. Дәстүр бойынша дәл осы жерде әлемдік бокс элитасының өкілдері ұлықталады.
Головкин бұл мәртебеге ие болған алғашқы қазақстандық боксшы ретінде тарихқа енді. Сондай-ақ, ол Даңқ залына алғашқы ұсынылуының өзінде қабылданды. Геннадиймен бірге бұрынғы әлем чемпиондары Антонио Тарвер мен Найджел Бенн де Даңқ залына енгізілді. Айта кетерлігі, олар бұл мәртебеге бірнеше мәрте ұсынылған болатын.
Даңқ залына қабылдану үшін спортшы соңғы жекпе-жегінен кейін кемінде үш жыл өткізуі қажет. Головкин соңғы рет 2022 жылдың қыркүйегінде рингке шыққан еді.
Осылайша GGG есімі енді әлемдік бокстың ең ұлы тұлғаларының қатарында тұр. Олардың арасында Мұхаммед Әли мен Майк Тайсон секілді аңыздар бар.
Головкин Халықаралық бокс даңқы залына енген алғашқы қазақстандық және бұрынғы ТМД елдері арасынан төртінші боксшы атанды. Бұған дейін бұл құрметке ресейлік Костя Цзю мен украиналық ағайынды Виталий және Владимир Кличко ие болған.
Бокс даңқының халықаралық залы туралы
Бокс даңқының халықаралық залы 1989 жылы келушілер үшін өз есігін ашты. Оның басты мақсаты – бокс тарихын сақтау және осы спорттың дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаларды дәріптеу.
Нью-Йорк штатындағы Канастота қаласында орналасқан бұл орталықта келушілер бокстың бай тарихымен танысып, ринг аңыздарының жетістіктеріне құрмет көрсете алады.
Головкиннің жетістіктері
Әуесқой бокста Геннадий Головкин 350 жекпе-жектің 345-інде жеңіске жеткен. Ол – 2004 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері.
Кәсіпқой рингте GGG 42 жеңіске қол жеткізіп, оның 37-сін мерзімінен бұрын аяқтады. Сонымен қатар оның еншісінде екі жеңіліс пен бір тең нәтиже бар.
Головкин орта салмақта WBC, WBA, IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атанды.
Қазақстандық боксшы орта салмақтағы нокаутпен жеңудің ең жоғары пайыздық көрсеткіші үшін Гиннестің рекордтар кітабына енгізілген. Сондай-ақ ол орта салмақтағы чемпиондық титулды ең көп қорғау жөніндегі Бернард Хопкинстің рекордын жаңартып, белбеуін 21 рет сәтті қорғады.
Қазір Головкин немен айналысады?
Қазіргі таңда Геннадий Головкин Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті қызметін атқарады.
Сонымен қатар ол халықаралық спорт ұйымын басқарған алғашқы қазақстандық ретінде тарихқа еніп, Олимпиадалық боксты үйлестіретін World Boxing ұйымының президенті болып отыр.
Жарнама