"Карьерамды қашан аяқтайтыным туралы үнемі ойлап келемін. 20 жаста болғанымда да ойлағанмын. Дегенмен менің өзіндік ойларым бар. Әлі бабымдамын, көңіл-күйім тамаша және болашаққа деген көзқарасым да керемет", - дейді сәуірде 38 жасқа келген Головкин.
Мұның алдында Головкин жоспарлары туралы айтқанда коронавирусқа байланысты карантин аяқталғаннан кейін IBF желісі бойынша міндетті қарсылас Камил Шереметамен (21-0, 5 КО) жекпе-жек өткізетінін мәлімдеген. Содан кейін мексикалық Сауль "Канело" Альвареспен (53-1-2, 36 КО) үшінші рет жұдырықтасуға дайын.
Айта кетейік, Шереметамен жекпе-жек Головкин үшін DAZN платформасымен жасалған келісімшарттағы алты жекпе-жектің үшіншісі болады. Кәсіби карьерасын қазақстандық 2006 жылы мамырда бастап, бірінші раундта венгриялық Габор Балогты нокаутқа түсірген.