Бокс
4 сәуір 2021 12:45

Фируза Шарипова чемпионмен жекпе-жек орнына тергеу абақтысының күзетшісін нокаутпен жеңді

Сурет: tapology.com

Қазақстандық боксшы Фируза Шарипова Ресейдің Қазан қаласында өткен бокс кешінде жеңіске жетті,- деп хабарлайды Vesti.kz.

Бастапқыда қазақстандық боксшы 2016 жылы кәсіпқой карьерасындағы алғашқы қарсыласы Софья Очигавамен қарымта өткізу керек болатын. Ол кезде Шарипова ресейлікке есе жіберген және бұл карьерасындағы жалғыз жеңіліс еді. 

Шарипова - Очигава айқасының тамаша афишасы жарияланып, ресейлікке тиесілі жеңіл салмақта IBA және WBC Silver титулдары сарапқа салыну керек болатын. Ал жеңімпаз әлемнің абсолют чемпионы америкалық Кэти Тейлорға міндетті қарсылас атанатыны айтылған еді. Алайда жекпе-жекке екі күн қалғанда Очигава жұдырықтасудан бас тартқаны хабарланды.

Осы себепті қазақстандық боксшыға аз уақытта басқа қарсылас тауып берген. Ол ресейлік Юлия Чернобородова болды. Дегенмен, оны лайықты қарсылас деп атау қиын. 

Себебі Чернобородова кезінде Шарипованың спарринг серігі болып, Очигавамен жекпе-жекке дайындалуға көмектескен. Оның үстіне ол кәсіпқойда бір ғана жекпе-жек өткізген, оның өзі төрт жыл бұрын - 2017 жылы наурызда. Ол кезде де дәл осы Шариповадан жеңілген. 

Жалпылай алғанда, Чернобородова - кәсіпқой бокстан алыс жүрген адам. Ол прапорщик шенінде Иванов облысындағы тергеу абақтысында қызмет етеді. Ал бос уақытында балаларды жаттықтырады. 

Осылайша, бірінші жартылай орта салмақтағы екі минуттан алты раундқа есептелген жекпе-жек төртіншісінде аяқталды. Шарипованың соққылар сериясынан кейін төреші кездесуді тоқтатты. Есесіне Шарипова статистикасын жақсартып алды. Енді ол кәсіпқойдағы 13 жеңісінің жетеуін нокаутпен аяқтаған болып отыр. Тіпті одан қашып кеткен титулдары бар Очигавада да мұндаймен мақтана алмайды - оның төрт жеңісінің біреуі ғана нокаутпен аяқталған.