Қазақстан бокс федерациясы (ҚБФ) өзбекстандық боксшы Саят Ілясовтың спорттық азаматтығын ауыстырады деген қауесетке қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Бұған дейін спортшы карьерасын Қазақстан туы астында жалғастыруды жоспарлап отырғаны жөнінде ақпарат тараған еді. Алайда ҚБФ бұл мәселеге қатысты ресми құжаттар әлі келіп түспегенін атап өтті.
"Қазіргі таңда Қазақстан бокс федерациясына Өзбекстан спортшысы - Саят Ильясовты өз федерациясынан босатылатыны туралы ешқандай ресми хат түскен жоқ. Азаматтықты ауыстыру және басқа елдің атынан өнер көрсету - ұзақ әрі күрделі процесс.
Тиісті азаматтықты өзгертумен қатар, спортшы халықаралық федерацияның ережелеріне сәйкес спорттық азаматтығын да ауыстыруы тиіс. Бұл процесс ұлттық федерацияның ресми өтініші негізінде жүзеге асады.
Сондай-ақ, болашақта ұлттық құраманың қатарына ену үшін спортшы Қазақстан чемпионатының соңғы біріншілігінде жүлдегер атануы қажет", - деп жауап берді ҚБФ Tengri Sport сауалына.