Аса ауыр салмақта WBC белбеуінің иегері британдық Тайсон Фьюри (31-0-1, 22 КО) америкалық Деонтей Уайлдермен (42-2-1, 41 КО) үшінші рет кездесуі өткізіп, жеңіске жетті, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.
Бұл кездесу Лас-Вегас (Невада штаты, АҚШ) қаласындағы T-Mobile Arena спорт кешенінде өтіп, 11 раундта Фьюридің жеңісімен аяқталды. Британиялық боксшы қарсыласын ауыр нокаутқа жіберді. Ал оған дейін екі боксшы да екі-екі реттен нокдаунда болған еді.
11 раундан дейінгі төрешілердің есебі бойынша Уайлдер бірінші, төртінші және бесінші раундтарда жеңіске жеткен. Қалған раундтардың барлығында Тайсонның мерейі үстем болған. Жекпе-жек тоқтатылған сәтте төрешілер британдықтың пайдасына 95-91, 94-92 және 95-92 есебін тіркеген.
Еске салайық, бұл боксшылар осымен үшінші рет кездесті. Олардың бірінші кездесуі 2018 жылдың желтоқсан айында өтіп, тең аяқталған. Екінші айқас 2020 жылдың қаңтарында болып, Фьюри Уайлдерді нокаутқа түсірді.