Бокс
17 мамыр 2021 19:25

ESPN Жүкембаевтың АҚШ-тағы алғашқы жекпе-жегіне болжам жасады

Сурет: Eye of The Tiger Management©

ESPN арнасының латынамерикалық комментаторы және журналист Армандо Мендоза Vesti.kz тілшісімен болған әңгіме барысында қазақстандық Батыр Жүкембаевтың (18-0, 14 КО) пуэрториколық Сабриэль Матиасқа (16-1, 16 КО) қарсы болатын жекпе-жегі жайлы пікір білдірді. Маманның ойынша, бұл кездесуде көрермендер күтпеген жағдайға куә бола алады. 

"Бұл дайындықтары бір-бірімен шамалас қос боксшының кездесуі. Алайда олардың мектептері әр түрлі, стильдері де. Бірі таңқалдырарлық физикалық күшке басымдық береді. Оның нокауттардан тұратын статистикасы - ойландырады. Ал екіншісі, шабуыл мен қорғанысты селбестіре отырып, басымдықты техникаға береді. Біз қызықсыз немесе өте "ақылды" жекпе-жек көрмейміз. Қарсыластардың мүмкіндіктері бірдей. Дайындығы мықты, аз қателік жасаған бокшсы жеңеді деп ойлаймын.  

Меніңше осы жекпе-жектің жеңімпазы титул үшін болатын кездесудің фаворитіне айналады" - дейді Мендоза. 

Жүкембаев пен Матиас 29 мамыр күні АҚШ-тың Лос -Анджелес (Калфиорния штаты) қаласындағы бокс кешінде кездеседі. Жекпе-жек титулға міндетті үміткерді анықтайтын IBF турнирінің бағдарламасына кіреді. Батыр үшін бұл АҚШ жеріндегі алғашқы кездесу болмақ, осыған дейін ол Канадада өнер көрсетіп жүрген еді.  

Қазақстандық боксшы кейінгі рет 2020 жылдың қаңтарында Монреаль қаласында мексикалық Рикардо Ларуға (22-8, 10 КО) қарсы шықты. Ол Ларуды нокаутқа жіберіп, бірінші орта салмақта WBA Continental Americas пен IBF Inter-Continental титулдарын сақтап қалды.