Қазақстандық файтер Еркебұлан Тоқтар Астанада өткен IBA Nomad лигасының International Boxing Day турнирінде нокаутпен жеңіске жетті, деп хабарлайды Vesti.kz.
Оның қарсыласы Өзбекстаннан келген Бобиржон "Испанчик" Исроилов болды. Ол поп-ММА бағытында өнер көрсетіп, муай-тайдан әлем чемпионы атанған.
Екінші орта салмақта өткен жекпе-жек кәсіпқой бокс ережесі бойынша ұйымдастырылды. Кездесу екінші раундта аяқталды. Тоқтар қарсыласын үш рет нокдаунға түсіріп, техникалық нокаутпен жеңіске жетті.
Айта кетерлігі, бірінші раундта екі боксшы да нокдаунға түсті.
Осы турнир аясында қазақстандық боксшы Сакен Бибосынов (3-0, 1 КО) кәсіпқой рингтегі үшінші жекпе-жегін өткізіп, төрешілер шешімімен жеңіске жетті.