Ендігі қарсылас өзбектер. Алты қазақ боксшы кіші ӘЧ-нің ширек финалына өтті
Қазақстан құрамасының боксшылары Болгария астанасы Софияда өтіп жатқан "Странджа кубогі" халықаралық турниріне қатысуда. Кеше шаршы алаңға шыққан боксшыларымыз қарсыластарынан басым болып, ширек финалға жолдама алды.
Қазақстан құрамасының боксшылары Болгария астанасы Софияда өтіп жатқан "Странджа кубогі" халықаралық турниріне қатысуда. Кеше шаршы алаңға шыққан боксшыларымыз қарсыластарынан басым болып, ширек финалға жолдама алды.
Кәсіпқой бокста да бақ сынап жүрген Тұрсынбай Құлахмет өзбек боксшысы Алохон Абдуллаевтан 4:0 есебімен басым болды. Ширек финалда ол украиналық Матвий Ражбамен жұдырықтасады.
Әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай 51 келіге дейінгі салмақта қырғызстандық Бекзат Ергешевті 5:0 есебімен ұтты. Санжардың келесі қарсыласы – моңғолиялық Ган-Ердене Ганху.
75 келіге дейінгі салмақта Нұрқанат Райыс та қырғызтандық боксшы - Даниэль Абдурахмановты 5:0 есебімен айқын жеңіп шықты. Енді ол 9 ақпанда өзбек Фазлиддин Эркинбоевпен жұдырықтасады.
63,5 келіде Ерасыл Таңқай румыниялық боксшы Красимиру Джуровты жеңді. Ал Оразбек Асылқұлов 57 келіге дейінгі салмақтағы алғашқы кездесуінде украиналық Владислав Стасядан басым болды.
Ауыр салмақтағы Абзал Құттыбеков қытайлық Хан Сюдженьді 4:1 есебімен жеңді.
Өкінішке қарай, 71 келіге дейінгі салмақта Талғат Шәйкен ширек финалға шыға алмады. Ол грузин Эскерхан Мадиевпен болған жекпе-жекте 3:2 есебімен қарсыласына жол берді.
"Странджа" халықаралық турнирі әуесқой бокстағы беделді жарыстардың бірі. Тіпті оны "кіші әлем чемпионаты" деп те атайды. Биылғы жарыс 75-ші рет ұйымдастырылып жатыр. Былтыр елімізден 57 келідегі Оразбек Асылқұлов — күміс, 75 келідегі Нұрқанат Райыс — қола жүлде алған еді.
Жарнама