Бүкіләлемдік бокс кеңесі (WBC) Геннадий Головкин (42-1-1, 37 КО) және Сауль "Канело" Альварес (57-2-2, 39 КО) жекпе-жегіне арнайы белбеу дайындады, деп хабарлайды Vesti.kz.
Боксшылар арасындағы үшінші айқас он күннен кейін Лас-Вегастағы T-Mobile аренасында өтеді. Белбеуді talkSPORT.com редакторы Майкл Бенсон жұртшылыққа паш етті.
"WBC "Zapoteca белбеуі" атты арнайы трофей жасады, ол "Қабылан-жауынгер белбеуі" деп те аталады, ол 17 қыркүйектегі "Канело" Альварес пен Геннадий Головкин III айқасының жеңіпазына табысталмақ", - деп жазады мәлімет көзі.
Айта кетейік, ежелгі ацтектер әскерінде қабылан-жауынгерлер элиталы, ең мықты сарбаздар саналған. Олар қабылан терісін жамылып, жыртқыш аңның күші айқаста көмектеседі деп есептеген.