Бокс
Бүгін 00:01

Екі рет әлем чемпионы болған кубалық Әлімханұлын жекпе-жекке шақырды

©Vesti.kz/Тұрар Қазанғапов

Жеңіліп көрмеген кубалық боксшы Йоэнлис Эрнандес (9-0, 8 KO) орта салмақтағы WBO чемпионы Жәнібек Әлімханұлымен (17-0, 12 KO) жекпе-жек өткізгісі келетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Vesti.kz сайты Спорт Шредингера басылымына сілтеме жасап.

Эрнандестің айтуынша, ол дивизиондағы ең мықты боксшылармен айқасуды мақсат етеді және кез келген чемпионмен рингке шығуға дайын.

"Бізге мүмкіндік беріле, кез келген чемпионмен, соның ішінде онымен (Әлімханұлымен) де жұдырықтасуға дайынбыз және айқасуды қалаймыз", — деді кубалық боксшы Fight Hype-ке берген сұхбатында.

28 жастағы Эрнандес орта салмақтағы болашағы зор боксшылардың бірі саналады. Әуесқой карьерасында ол екі мәрте әлем чемпионы атанды (2021, 2023), ал кәсіпқой рингте 2022 жылы дебют жасап, содан бері тоғыз жекпе-жекте жеңіске жетті. Оның сегізі нокаутпен аяқталған.

Ал Жәнібек Әлімханұлы төңірегіндегі жағдай соңғы уақытта күрделене түсті. 2025 жылдың желтоқсанында қазақстандық боксшының допинг-сынамасы оң нәтиже көрсетіп, соның салдарынан WBA чемпионы Эрисланди Ларамен жекпе-жегі өтпей қалды. Қайта алынған сынама да тыйым салынған заттың барын растады, содан кейін ресми тергеу басталды.

Нәтижесінде IBF ұйымы Әлімханұлын чемпиондық белбеуінен айырды және оны 2026 жылдың желтоқсанына дейін жарыстардан шеттетті. Ал WBO ұйымы боксшыны бір жылға дисквалификациялағанымен, оның әлем чемпионы атағын сақтап қалды.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport