Қазақстандық боксшы Дулат Бекбауовтың (1–0, 1 KO) кәсіби рингтегі екінші жекпе-жегінің өтетін күні мен орны белгілі болды, деп хабарлайды Vesti.kz.
RD Promotions промоутерлік компаниясының мәліметінше, Бекбауовтың рингке қайта оралуы 20 желтоқсанда Алматы қаласында өтеді. Қазақстандық боксшының қарсыласы - Өзбекстан боксшысы Хасанбой Мирзахамраев (3–5, 2 KO). Жекпе-жек жартылай орта салмақ лимитінде өтпек.
30 жастағы Дулат Бекбауов шілде айында Алматыда кәсіби бокста дебют жасап, әзербайжандық Ниджат Хасановты мерзімінен бұрын жеңген болатын.
Желтоқсан айының басында Дулат Бекбауов антидопинг ережелерін бұзғаны үшін екі жылға дисквалификация алды. Бұл тек әуесқой боксқа қатысты, ал кәсіпқой рингте өнер көрсетуіне ешқандай шектеу қойылған жоқ.
Еске салайық, 2023 жылы Дулат Бекбауов IBA нұсқасы бойынша Ташкентте өткен әлем чемпионатының финалына дейін жетіп, онда 2024 жылғы Олимпиада чемпионы және 2025 жылғы World Boxing әлем чемпионы Асадхужа Муйдинхужаевтан (Өзбекстан) жеңілген еді. Сондай-ақ, оның еншісінде Азия чемпионаттарының екі күміс жүлдесі бар (2022, 2024).