Бокс
4 маусым 2019 15:55

Джошуаны Руиспен жекпе-жекке дейінгі спаррингте басқа боксшы есінен тандырған

© ultrasports.tv
2 маусым Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасында аса ауыр салмақта WBA Super, IBF, WBO белбеулері үшін мексикалық Энди Руиспен (33-1, 22 КО) жұдырықтасқан британиялық Энтони Джошуаны (22-1, 21 КО) жекпе-жекке дейінгі спаррингте басқа боксшы сұлатқан деген қауесет бар. Бұл туралы vRINGE.com хабарлап отыр.


World Boxing News баслымының мәліметінше, Джошуаға жекпе-жекке дайындалуға конголезиялық Мартин Баколе Илунга (12-1, 9 КО) мен америкалық Джоуи Давейко (19-7-4, 11 КО) көмектескен. Сыбыс бойынша Джошуаны соңғысы соққы алмасу кезінде есінен тандырған. Бұл британиялыққа психологиялық тұрғыда әсер етті деген пайым бар.

WBN ақпаратынша, оқиғадан кейін боксшының әкесі Роберт Джошуа жекпе-жекті кейінге қалдыруға тырысқан, алайда, Энтони "жұдырықтасатын өзі болғандықтан, өзі шешетінін" айтқан екен.

Бұл жекпе-жекте Джошуа техникалық нокаутпен жеңіліп, Руис британиялықтың аса ауыр салмақтағы WBA (Super), WBO, IBF және IBO белбеуін тартып алды. Үшінші раундта алдымен мексикалық нокдаунға түскен, алайда, ол қарсыласын екі рет нокдаунға түсіреді. Жетінші раундта британиялық тағы да екі рет нокдаунға түскен соң, төреші жекпе-жекті тоқтатты. 

Ал Джошуаның промоутері Эдди Хирн спарринг кезінде боксшыны ешкім де нокаутқа түсірмегенін айтады. 

"Бұл өтірік. Спаррингте Джошуаны ешкім нокаутқа түсірмеді. Жекпе-жекке әсер ететіндей денсаулығына ешқандай әсер болған жоқ. Басты қиындық Энтони көзіне теріскен шығып кеткен еді. Ол жеңілісін абыроймен қабылдады, бірақ, ол қарымтаны қалайды деген сенімдемін. Рематч нағыз мегафайт болады", - дейді Хирн.

Джошуада жекпе-жек алдында қиындықтар болғаны шындыққа жанасатындай. Қалай дегенмен, Энди Руиспен жекпе-жектен кейін британиялықтың әкесі Эдди Хирнге тап беріп, екеуі жанжалдасып қалған екен.