Иван Дычконың менеджері Зия Алиев қазақстандық боксшыға кімдермен жекпе-жек өткізу ұсынылғанын айтты, деп хабарлайды Vesti.kz.
Менеджердің айтуынша, алдымен Дычкоға Өзбекстанның екі дүркін Олимпиада чемпионы Баходир Жалоловпен (15-0, 14 КО) жұдырықтасу ұсынылған. Сондай-ақ Ресейлік Арсланбек Махмудовпен (20-2, 9 КО) де жекпе-жек өткізу мүмкіндігі болған. Ұсыныстар бірнеше рет ауысып отырды да, ұзақ келіссөздерден кейін ғана нақты келісімге келе алған екен.
"Алдымен бізге Баходир Жалоловты ұсынды – біз бірден келістік. Алайда оның командасы тым үлкен гонорар сұрады. Түрки әл аш-Шейхтің мол мүмкіндіктеріне қарамастан, бәрі бизнесті түсінеді. Команданың ондай сома сұрағанына таңғалдым.
Кейін Арсланбек Махмудов ұсынылды – тағы да келістік. Бірақ уақыт өте келе бізге Джермейн Франклинмен жекпе-жек өткізу мүмкіндігі пайда болғанын айтты. Оның промоутері Ванямен айқасқанын қаламады, атағы жоғары қарсылас пен үлкен гонорар талап етті. Соған қарамастан, біз бұл жағдайды өз пайдамызға шешіп, Франклин келісімшартқа бір айдан астам бұрын қол қойды. Біз тек ресми жариялауды күттік", – деді Алиев Vesti.kz сайтына берген сұхбатында.
Айта кетейік, Иван Дычко келесі жекпе-жегін 13 қыркүйекте Лас-Вегаста өткізеді. Бұл кештің басты оқиғасы Сауль "Канело" Альварес (63-2-2, 39 КО) пен Терренс Кроуфорд (41-0, 31 КО) арасындағы айқас болмақ. Дычкоға қарсылас ретінде америкалық Джермейн Франклин-кіші (23-2, 15 КО) шығатын болады.
2025 жылдың шілдесінде қазақстандық боксшы тағы бір рет өз күшін дәлелдеп, америкалық Самуэль Кросседті (11-5-1, 7 КО) бірінші раундта нокаутқа түсірді.
Кәсіпқой боксқа ауыспай тұрып, Иван Дычко әуесқойда біраз жетістікке жеткен:
Азияның екі дүркін чемпионы (2013, 2015),
Екі мәрте Олимпиада қола жүлдегері (2012, 2016),
Әлем чемпионаттарында күміс пен қола жүлдесінің иегері (2011, 2013, 2015).
Айта кетейік, әуесқой бокста Дычко мен Жалолов төрт рет кездесті, және барлық жекпе-жекте қазақстандық боксшы жеңіске жеткен.