Бокс
3 ақпан 2022 16:43

"Дайындығына байланысты болады". Бас бапкер Абылайхан Жүсіповтың кәсіпқой боксқа ауысуына қатысты пікір білдірді

©olympic

Жуырда белгілі былғары қолғап шебері Абылайхан Жүсіпов кәсіпқой боксқа ауысқанын мәлімдеген болатын. Suleimen Promotions промоутерлік компаниясымен келісімшартқа отырған отандасымыз әуесқойлар арасындағы карьреасын қатар алып жүретінін айтты. Осыған орай, Vesti.kz тілшісі әуесқойлар арасында Қазақстан құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжановпен тілдесті.

"Абылайхан Жүсіпов бапкерлік штабпен ақылдаса отырып кәсіпқой боксқа ауысты. Біз спортшының бұл шешімін қолдадық. Абылайханның өзі айтпақшы, ол толыққанды кәсіпқойға ауысқан жоқ. Әуесқойлар арасында жарыстарға қатысып тұрады. Бірақ ең алдымен оның дайындығына байланысты болады. Әуесқойлар арасындағы турнирлердің алдында оқу-жаттығу жиындарына шақырамыз. Егер құрамадағы жігіттерден дайындығы жақсы болса жарыстарға қатыса алады. Абылайханның сол кездегі бабына қараймыз. Ал басқа жігіттер Жүсіповтен басым болып тұрса, онда басқа спортшыларды тартамыз", - дейді бас бапкер.

Еске салайық, Абылайхан Жүсіпов 2014 жылы жасөспірімдер арасында Олимпиада чемпионы атанды. Ересектер арасында әлем чемпионатының үш дүркін қола жүлдегері. Халықаралық Ғалым Жарылғапов турнирінің жеңімпазы. Сонымен қатар, 2020 жылы Токио Олимпиадасында қазақтың салмағы атанып кеткен 69 келіде ел намысын қорғады.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport