Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов кәсіпқойда жүрген Данияр Елеусіновтің Париж Олимпиадасында өнер көрсетуіне қатысты ойын айтты, деп жазады Vesti.kz.
"Данияр Елеусінов осы құрамадан шыққан боксшы ғой. Қол астымызда тәрбиеленді. Әкесі де ұлттық құраманың бапкері болды. Былайша айтқанда Олимпиада шыңын бағындыру, ол тек қана бір боксшының не бір бапкердің ғана емес, бүкіл Ұлттық құраманың жұмысы деп ойлаймын.
Сол сияқты қазіргі құрамадағы балаларға сондай жағдай жасалып жатыр. Министрліктен, федерациядан, спорт комитеті жұмыла көтеріп жұмыс істеп жатыр. Осы Олимпиадада боксшыларымыз үмітті ақтап, елімізді қуантады деген ойдамыз. Ал, енді Данияр құрамаға келеді-келмейді оны өзі шешеді. Біздің есік ашық. Қай боксшы болсын, келемін, қайтадан өз бағымды сынап, елге көмектесемін десе біз бетінен қақпаймыз", - дейді Мырзағали Айтжанов белгілі комментатор Руслан Бақытжанның youtube арнасындағы әңгімесінде.