Орта салмақта жұдырықтасатын чилилік Хулио Аламос (16-1, 9 КО) Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында қазақстандық Мейірім Нұрсұлтановпен (19-0, 11 КО) алдағы жекпе-жекте не болуы мүмкін екенін айтты.
Бұл кездесу 17 қараша Ташкенттегі бокс кешінде өтеді. Бұған дейін Нұрсұлтанов германиялық Винсент Файгенбутцпен (36-3, 32 КО) жұдырықтасу керек болған, алайда ол жарақат алып қалыпты.
"Бұл мен үшін үлкен мүмкіндік. Чемпиондық айқасқа шығып көргенмін, жеңіске бір қадам ғана жетпеді. Осы жолы барынша дайындаламын. Уақыт көп емес, мен ұсынысқа бірден келістім. Менің ерік-жігерім мықты. Қолымнан көп нәрсе келеді. Бұл маңызды айқас үшін жарты әлемді кесіп өтіп келуге дайынмын. Қарсыласым жеңіліп көрмеген, жеңісінің көбін нокаутпен аяқтағанын білемін. Мені бұл айқаста фаворит деп есептемейді, менің артықшылығым да осы. Өйткені бокста бәрі болады. Ал мен жеңе аламын. Менің мақсатым - қарсыласты нокаутқа түсіру. Мен чемпион болғым келеді", - дейді Аламос.
Айта кетейік, Доминикана Республикасында өтіп жатқан WBO конвенциясында Нұрсұлтанов 2023 жылдың үздік боксшысы атанды.
Ал оған дейін BoxRec порталының тұжырымы бойынша Нұрсұлтанов салмаққа қарамастан (Р4Р) Қазақстанның ең мықты боксшыларының рейтінгінде көш басына шыққан болатын. Осылайша, ол бұл рейтингте көптеген жыл көш бастап келген Головкинді алмастырды.
Сонымен қоса, қазақстандық BoxRec тұжырымы бойынша орта салмақтағы ең мықты боксшылардың топ-3 тізіміне кірді.