Екінші орта салмақта WBO чемпионы Хамза Шираз бен қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы арасындағы титулды жекпе-жектің гонорары белгілі болды, деп хабарлайды Vesti.kz.
WBO мәліметінше, бұл жекпе-жекті ұйымдастыру құқығы үшін өткен промоутерлік саудада Queensberry Promotions компаниясы 1 001 809 доллар ұсынды және жеңімпаз атанды.
Сауда қорытындысы бойынша Ширазға 751 356 доллар, ал Әлімханұлына 250 452 доллар төленетін болып белгіленді. Жекпе-жекті өткізу үшін Лондон, Бирмингем (Англия) немесе Нью-Йорк қалалары қарастырылып жатыр.
Жекпе-жектің қаржылық шарттары
Шираз бен Әлімханұлы арасындағы жекпе-жекті ұйымдастыру құқығы үшін WBO-ның промоутерлік саудасы кеше Пуэрто-Риконың Сан-Хуан қаласында өтті. Бұған дейін боксшылардың командалары - Шираздың мүддесін қорғайтын Queensberry Promotions және Әлімханұлының ісін жүргізетін Top Rank - 10 қыркүйекке дейін келіссөз жүргізген, алайда ортақ келісімге келе алмады.
WBO ережесіне сәйкес, сауданы ұтқан промоутерлік компания жекпе-жекті өткізу құқығын алады. Ал боксшылардың гонорары кездесудің өтетін орнына қарай бөлінеді: Ұлыбританияда немесе бейтарап аумақта өткен жағдайда Шираздың пайдасына 75:25, ал Қазақстанда ұйымдастырылған жағдайда 80:20 арақатынасы белгіленеді.
Сонымен қатар Хамзаға сауда шарттары қаржылық тұрғыдан тиімді болмаса, Шираз чемпиондықтан бас тарта салуы мүмкін екені айтылып жатыр.
Жарнама