Бокс
9 шілде 2021 10:29

Чемпиондардың бәрімен. Өзбек нокаутшысын сұлатқан Росадо Головкинмен жекпе-жек сұрады

Сурет: insider.com

Америкалық боксшы Габриэль Росадо (26-13-1, 15 KO) орта салмақта IBF және IBO чемпионы қазақстандық Геннадий Головкинмен (41-1-1, 36 КО) қарымта жекпе-жек өткізгісі келеді, деп хабарлайды Vesti.kz.

Росадо бұл туралы өзбекстандық Бектемир Меликузиевті (7-1, 6 КО) нокаутқа түсіргеннен кейін мәлімдеді. Америкалық боксшы бірінші раундта есеңгіреп қалды, алайда, есін жиып, үшіншісінде Бектемирді ауыр нокаутқа түсірді. 

"Мен Джермалл Чарло, Хайме Мунгия, Геннадий Головкин, "Канело" Альварес - кіммен болсын жұдырықтасқым келеді. Ірі айқастар қалаймын. Мен маңызды жекпе-жектерден ешқашан қашқан емеспін.

Мунгиямен шыққым келеді, ол да менімен жұдырықтасуға қарсы емес. Онда неге жекпе-жек ұйымдастырмасқа? Қыркүйек-қарашада болады деп ойлаймын. Ол жақында нокаутпен жеңіске жетті, оңай жеңді. Мен де солай істедім, сондықтан, осы айқасты ұйымдастырайық", - деп береді Росадоның сөзін AB Boxing News.

Еске салайық, Росадо мен Головкин 2013 жылы жұдырықтасып, америкалық боксшы жетінші раундта техникалық нокаутпен жеңілген еді.