Бұрынғы әлем чемпионы "Канеломен" қарымтаға дайын

7 қыркүйек 2022 14:31
©instagram.com/calebplant

Америкалық боксшы Калеб Плант (21-1, 12 КО) өз дивизионын "тазалап", содан кейін екінші орта салмақтағы әлемнің абсолют чемпионы мексикалық Сауль "Канело" Альвареспен (57-2-2, 39 КО) қарымта өткізуге ниетті екенін айтты. Калебтің сөзіне сенсек, ол "Канеломен" жекпе-жекте қандай қателіктер жібергенін біледі және қарымтада кеткен есесін қайтаруға дайын, деп хабарлайды Fightnews.info.

Альварес пен Плант өткен жылдың қарашасында кездесу өткізді. Мексикалық 11-раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетті. Нәтижесінде Плант екінші орта салмақта IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағынан айырылды.

"Мен Альвареспен кездесуге жап-жақсы дайындалған едім. Сол жолғы айқаста мен үлкен тәжірибе алдым және оны келесі жекпе-жектерімде қолдануға дайынмын.

Кей дүниелерді басқаша жасауым керек еді, бірақ ол туралы өзім ғана білсем деймін. Мен өз дивизионымдағыларды "тазалап", кейіннен "Канеломен" қарымта өткізгім келеді. Қарымтада не болатынын өз көздеріңізбен көрген кезде, қазір менің не туралы айтып отырғанымды түсінесіздер", - дейді Плант.

Естеріңізге сала кетейік, Альварес ең жақын кездесуін қазақстандық Геннадий Головкинге (42-1-1, 37 КО) қарсы 17 қыркүйекті Лас-Вегастағы T-Mobile Arena кешенінде өткізеді. 

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport

 

Жаңалықтар