Бокс
12 қараша 2022 11:09

"Бұра тартпаса". Бапкер қазақ боксшылардың АЧ финалындағы айқастарына болжамын айтты

©egemen

Бүгін, 12 қараша күні бокстан Иордания астанасы Амманда өтіп жатқан Азия чемпионатының финалдары өтеді. Еліміздің ерлер құрамасының атынан 9 отандасымыздың жарыс жолына шығатынын айта кеткен жөн. Осы орайда Қазақстан студенттер құрамасының аға жаттықтырушысы, кезінде Сәкен Бибосынов, Әнуар Мұзафаров, Дидар Өтелбаев, Әли Ахмедов, Нұрсұлтан Аманжолов, Жәнібек Әлімханұлы және студенттер арасында әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері Бекболат Құрамысовтарды студенттер арасындағы әлем чемпионатына алып барған білікті бапкер Дастан Сәдуақасов финал алдында Vesti.kz тілшісіне ойымен бөлісті. Сәдуақсов әлі де Бекболат Құрамысовтың жеке бапкері.

- Дастан мырза, бүгін сары құрлық турнирінің соңғы айқастары өтеді. Ұлттық құраманың 9 былғары қолғап шебері финалда қолғап түйістіреді. Боксшыларымыздың қайсынан алтын күтеміз?

- Әрине, жаттықтырушы ретінде, жанкүйер ретінде жігіттердің барлығынан алтын күтеміз. Оларға әрдайым тілеулеспіз. Бүгін ринг төріне шығатын отандастарымызға тоқтала кетсек, Санжар Тәшкенбай жапон боксшысымен қолғап түйістіреді. Шынымды айтсам, қарсыласының бұрынғы нәтижелері беймәлім. Ол боксшыны танымаймын. Санжар жастар арасында әлем чемпионы болды. Қазақ бокс мектебінің түлегі. Жапон қарсыласын жеңу керек.

51 келіде егер де төрешілер бұра тартпаса Сәкен жеңіске жету керек. Қазір ол өзінің бабында. 2016 жылы студенттер арасында өткен Тәжікстандағы Азия чемпионатына алып барғам. Сол кездегі көрші елдің бапкерлері мына бала Олимпиадаға баратын бала деп айтқан еді. Міне, қазір Сәкен Бибосынов нағыз батыр жігітке айналды. Қарсыласы Рио Олимпиадасының жеңімпазы. Бұйырса Сәкеннен жеңіс күтеміз.

Махмұт Сабырханның қарсыласы Олимпиаданың күміс жүлдегері. Сабырхан спорттың тілімен айтқанда аш. Себебі әлем чемпонатында кеткен есесін Азия біріншілігінде қайтару керек. Ойлаған нәрсесінен жаңылмаса болды. Ең бастысы – жанып кетпесе болды. Өзінің боксын көрсетсе, жеңіске жетеді. Болашағы бар. 2001 жылғы жігіт. 20 жасында спорт шебері атағын алды.

57 келіде Серік Теміржанның өзбек қарсыласы әлем чемпионатының күміс жүлдегері. 2021 жылы өзбектерден әлем чемпионатында жалғыз күміс алған жігіт. Серік те мықты. Олимпиада ойындарының қатысушысы болды. Бірақ Теміржанға қиындау болады.

Дулат Бекбауов жартылай финалда өзбекстандық солақай қарсыласымен тартысты жекпе-жек өткізді. 3:2 есебімен жеңіске жетті. Финалда таилықпен жолығады. Жаттықтырушыларының айтқанын істесе жеңіске жету керек. Кешегі жарақаты дұрыс болса алтын алу керек. Елорда Кубогінің күміс жүлдегері. Кіші әлем чемпионаты аталып кеткен "Странджа Кубогінің" күміс медалисі. Ересектер арасында ішкі біріншілікті жеңді. Білікті бапкер Нұрлан Ақүрпековпен жұмыс істейді.

- Асыланбек Шымбергенов финалда жарыс қожайынымен қолғап түйістіреді. Төрешілерден қысым болуы мүмкін бе?

71 келіде Асыланбек Шымбергеновтің қарсыласы 2019 жылғы әлем чемпионатының ширек финалисі. Асыланбек біраз уақыттан бері құрамада жүр. Кезінде "Астана арландарында" өнер көрсетті. Ересектер арасында қарулы күштер арасында армия ойындарының екі дүркін жеңімпазы. 2018 жылы Азия ойындарының күміс жүлдегері. Енді финалда иорданиялықтан бір бас жоғары болмаса жеңіске жетуі қиын. Жарыс қожайынына төрешілер де бір бүйрегін бұрып тұратыны рас. Сол үшін бар күш-жігерін салу керек.

75 келідегі Нұрқанат Райыс 2021 жылы әлем чемпионатында ширек финалға дейін үш жекпе-жегін жеңді. Болашағынан үлкен үміт күттіретін жігіт. Оның қарсыласы 2021 жылы әлем чемпионатының ширек финалисі және Азия чемпионы (2021). Өзбек қарсыласы тәжірибелі, бойшаң, солақай. Бұл жақта да белсенді болу керек. Бар білгенін көрсету керек.

- Жігіттердің ішінде ағайынды Оралбайлар туралы не айтасыз?

92 келіде Айбек Оралбай әлем чемпионатының қола жүлдегерімен шығады. Мадияр Саидрахимов 2021 жылы  әлем чемпионатында Өзбекстан құрамасының қоржынына қола салды. Бұл айқас та немен бітетіні белгісіз. Мадияр да, Айбек те жеңіп кетуі мүмкін. Ағайынды Оралбайлар Азия чемпионатында алғаш рет жүлде алып отыр. Бұл үлкен нәтиже деп ойлаймын. Осы жетістігінің арқасында олар енді ересектер құрамасында ойып тұрып орын алуы тиіс. Келесі үлкен жарыстар алдында емтихан алды деуге болады. Бұл жігіттерді Олимпиада мен әлем чемпионатына дайындау керек. Потенциалдары бар.

Қамшыбек Қоңқабаевтың қарсыласы әлем чемпионатының ширек финалисі және әскерилер арасында әлем чемпионы. Бұйырса бұл айқаста Қамшыбек жеңіске жету керек. Қамшыбектің тәжірибесі мол, - дейді Сәдуақасов.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport