Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков орта салмақта IBF және WBO чемпионы Жәнібек Әлімханұлының (17-0, 12 KO) допинг-тестінің B сынамасы ашылғанын хабарлады, деп жазады Vesti.kz.
"Сонымен, B сынамасы ашылды. Қазақстан халқы, дұғада болайық. Нәтижесін күтеміз", — деп жазды спорт функционері әлеуметтік желідегі парақшасында.
Еске салайық, желтоқсан айының басында қазақстандық боксшының алғашқы допинг-сынама нәтижесінде тыйым салынған заттың бар екені анықталғаны белгілі болды. Осыған байланысты WBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы кубалық Эрисланди Ларамен (32-3-3, 19 KO) өтуі тиіс біріктіруші жекпе-жек кейінге қалдырылған еді.
Енді не болады?А сынамасының нәтижелері жарияланғаннан кейін Әлімханұлының командасы B сынамасын ашу рәсімін бастады. Бұл процедура 9 қаңтарға жоспарланған болатын. Енді антидопингтік ұйымдардың ресми қорытындысын күту ғана қалды.
Қайта жүргізілген талдау нәтижелері Жәнібек Әлімханұлының алдағы спорттық мансабы үшін шешуші мәнге ие болады. Сонымен қатар, бұл оның болашақ чемпиондық жекпе-жектеріне, иеленіп отырған титулдарына тікелей әсер етуі мүмкін.