"Бірінші кезең деп айтуға болады". Олимпиада чемпиондарын тәрбиелеген белгілі бапкер әлем біріншілігі жайлы

©tengrinews.kz

Бокстан әуесқойлар арасында Сербия астанасы Белградта әлем чемпионатының алғашқы жекпе-жектері өтті, деп жазады Vesti.kz тілшісі.

Отандастарымыздың арасында 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Серік Теміржанов моңғолиялық Энкх-Амар Хархууды жеңсе, ұлттық құрама капитаны Абылайхан Жүсіпов тайбэйлік Лин Юдан басым түсті. Осылайша жерлестеріміз Балқан еліндегі халықаралық турнирді сәтті бастап отыр. Ал белгілі бокс маманы, Олимпиада чемпиондарын тәрбилеген Тұрсынғали Еділов жаңа бапкерлік құрамның Париж ойындарына дайындықты бастағанын атап өтті.

"Қайрат Сәтжанов қазірден бастап Олимпиадаға баратын негізгі құрамды дайындап жатыр. Сербиядағы әлем чемпимонаты – Париж Олимпиадасының алдындағы дайындықтарының бірі. Бірінші кезең деп айтуға болады. Қазіргі командада бұрыннан келе жатқан Абылайхан Жүсіпов, Сәкен Бибосынов сынды тәжірибе жинаған жігіттер бар. Қалған жігіттерді жасөспірім кездерінен білемін. Барлығы талантты боксшылар. Әлем чемпионатында медаль алып жатса жақсы ғой әрине. Дегенмен бұл жарысты дайындық ретінде қарауға болады. Бас бапкерге осындай жарыстар арқылы әр салмақта мықты былғары қолғап шеберлерін жинау керек. Себебі Париж ойындарына дейін аз уақыт қалды", - дейді маман.

Еске салайық, Белградтағы әлем чемпионаты 24 қазан мен 6 қараша күндері өтеді. Биыл AIBA турнирде бірінші орын алған боксшыға 100 мың АҚШ доллар сыйақы төлесе, күміс жүлдегер 50 мың және қола медаль иегеріне 25 мың АҚШ доллары беріледі.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport

 

Метки:
Жаңалықтар