Америкалық боксшы Хесус Рамос кіші (24-1, 19 КО) қазақстандық Мейірім Нұрсұлтановпен (20-0, 11 КО) 19 қыркүйекте өтетін жекпе-жекке дайындығы туралы айтып берді.
АҚШ-тың Сан-Диего қаласында өтетін бокс кешінде Рамос орта салмақтағы WBC-дің уақытша әлем чемпионы атағын қорғайды.
Рамос жекпе-жекке дайындық туралы:
"Қазір бар назарымызды бір арнаға тоғытып дайындалып жатырмыз - мен, әкем және бүкіл команда. Әкем екеуміз белгілі бір стильге басымдық беріп, түрлі элементтерді пысықтап жүрміз. 19 қыркүйекте жанкүйерлерге тамаша бокс кешін сыйлағымыз келеді".
- Хесус, бұл жекпе-жекті карьераңдағы ең қиын айқас деп атауға бола ма?
- Жоқ, шынымды айтсам, олай деп ойламаймын. Мен бұған дейін Владимир Эрнандес, Джейсон Розарио, кіші Шейн Мозли секілді өте мықты боксшылармен кездесіп көрдім. Ол қарсыластар осал емес. Мейірім де жеңіске жетуге деген үлкен жігермен шығады. Дегенмен ол бірнеше жылдан бері жекпе-жек өткізген жоқ, - деді Рамос Felipe CorralTV арнасына берген сұхбатында.
Айта кетейік, Мейірім Нұрсұлтанов 2023 жылдан бері WBC рейтингінде бірінші орында келеді. Орта салмақтағы негізгі чемпиондық белбеу доминиканалық Карлос Адаместе.
WBC шешіміне сәйкес, Нұрсұлтанов пен Рамос жекпе-жегінің жеңімпазымен Адамеспен жұдырықтасуы тиіс.
Жарнама