Британиялық бокс сарапшысы Мэтт Робинсон қазақстандық жас боксшы Төрехан Сабырханның әлеуеті туралы пікір білдіріп, оның 2028 жылғы Олимпиада ойындарындағы мүмкіндігін бағалады, деп хабарлайды Vesti.kz.
Сарапшы бокстың тарихындағы әлем біріншіліктерінде күтпеген жеңімпаздар рейтингін жасап, онда 19 жастағы Сабырханды оныншы орынға қойған. Қазақстандық боксшы 70 келіде Ливерпульде (Англия) қыркүйек айында өткен World Boxing ұйымының алғашқы әлем чемпионатында алтын иеленген болатын.
Робинсонның айтуынша, Сабырханның 2025 жылғы әлем чемпионатындағы жеңісі турнирдің ең үлкен сенсациясына айналды.
"Кейбіреулер Төрехан Сабырханды бұл тізімге қосу дұрыс па деп күмәндануы мүмкін. Өйткені оның әлеуеті мен шынайы шеберлігі әлі толық ашылған жоқ. Бір жыл бұрын ғана ол жастар арасында әлем чемпионы атанған еді. Ересектер қатарына өтсе де, оның өнері әрдайым әсерлі бола бермеді. Бұл мүмкін, қарсыластарының физикалық тұрғыдан мықты әрі тәжірибелі болуымен байланысты шығар. Ол жасөспірім кезіндегі сол жеңіл, әсем стильден алыстап, кейде баяу әрі дөрекі боксқа жүгінеді.
Бірақ Ливерпульдегі әлем чемпионатындағы оның жеңісі – нағыз сенсация. Мен өзім жергілікті боксшы Одэль Камаруға сенген едім. Ал қатысушылар тізіміне қарасаңыз – бұрынғы әлем чемпиондары Окадзава мен Захариев, тәжірибелі Ишаиш, Кавалларо және Траоре сияқты мықтылар бар. Сол себепті Сабырханның тіпті жүлдеге ілігуі де қиын болады деп ойлағанмын, алтын алу былай тұрсын", – деп жазды Робинсон.
Сонымен қатар, сарапшы Төрехан Сабырханның болашағына зор сенім білдірді.
"Дегенмен ол бәрін өз орнында дәлелдеді. Мен үшін оның бойындағы өсіп келе жатқан жетілу мен бейімделу қабілеті ерекше әсер қалдырды. Егер ол осы бағытта дами берсе, 2028 жылы Лос-Анджелестегі Олимпиадада оны жеңу өте қиын болады деп ойлаймын", – деп түйіндеді Робинсон.
Жарнама